«Кинодағыдай болмаса екен»: «Патруль» сериалында ойнаған актер Ұлттық Ұлан қатарына қосылды
Телесериалда ол полиция қызметкері рөлін сомдады

«Патруль» телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдаған актер Білімжан жуырда Ұлттық Ұлан сапына қосылып, ант қабылдады. Қазір ол Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылық баспасөз қызметі хабарлағандай, сериалдағы сәтті рөлінен кейін актерге отандық режиссерлерден жаңа киножобаларға ұсыныстар түскен. Алайда ол ең алдымен әскери міндетін атқаруды жөн көрді.
«Ұлттық ұланның қатарында болғанымды мақтан тұтамын. Біз қала көшелерін күзетіп, тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысамыз. Отанға қызмет ету – абыройлы міндет. Дегенмен мен өнерге міндетті түрде қайта ораламын. Әсіресе, комедиялық фильмдерде ойнау ұнайды», – деді Білімжан.
Әскерге барғанға дейін ол Семейдегі Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық-драма театрында Сотанайдың соңғы үйленуі, Әйел махаббаты секілді спектакльдерге қатысып, өнер көрсетті. Кино әлемінде өзін қалыптастырып, Голливуд жұлдызы Джонни Депп секілді танымал болуды армандайды.