«Қызды қорғаймын деп, комаға түсті»: жігітті өлімші етіп сабаған өзбекстандық Қазақстаннан табылды
Оған Ташкенттік полиция іздеу салған

Ташкент қалалық ішкі істер бас басқармасы The Tower қонақүйінің кіреберісінде болған төбелес кезінде Борис Авакянды соққыға жыққан Акмал Шүкүровтың ұсталғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
30 жастағы Шүкүров тергеуден жасырынып жүрген. Осыған байланысты оған Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» және «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» баптары бойынша сырттай айып тағылып, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді. Ол Қазақстанда ұсталып, қазір Ташкентке экстрадициялау шаралары жүргізіліп жатыр.
16 наурызға қараған түні The Tower қонақүйінің алдында төбелес болып, Борис Авакян ауыр жарақат алып, комаға түскен. Ол ұсталған ер адамнан қызды қорғамақ болған. Оқиға кезінде тағы бір ер адам мен қыз жарақат алды.