Жаңа рекорд: Жетісу облысында бір күнде 336 баланың тұсауы кесілді

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл шара ұлттық дәстүрлерге арналған мереке аясында өтті

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Жетісу облысында бір мезетте 336 баланың тұсауы кесіліп, Қазақстан рекордтар кітабына енді. Бұл ерекше шара Наурыз мейрамының үшінші күні, ұлттық дәстүрлерге арналған мереке аясында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Салтанатты рәсім Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында өтіп, оған өңірдің барлық аудандары мен қалалары онлайн байланыс арқылы қосылды. Рәсімді өткізуге ардагерлер, мәдениет қайраткерлері, ақындар, журналистер, дәрігерлер, мұғалімдер және кәсіпкерлер шақырылды.

Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Бақытжан Тастүлеков бұл оқиғаның ел тарихында алғаш рет тіркелгенін айтып, ресми сертификатты табыстады.

Шараға қатысқан ата-аналардың бірі Сенбай Тұрсынбек өзінің үшемдеріне – Дархан, Диана және Дарияға «тұсау кесу» рәсімі жасалғанын атап өтті.

«Бұл – балаларымның болашағы үшін ерекше сәт. Осындай игі дәстүрдің Наурыз мейрамында өтуі – жақсы белгі деп білемін» – деді ол.