Астанада дәрігерлер 10 жастағы баланың ішінен тіс шұқығыш алып шықты
Ол баланың ішінде бірнеше жыл бойы жатқан болуы мүмкін

Астанадағы ауруханалардың бірінде хирургтер 10 жастағы баланың ішінен бірнеше жыл бойы қалып қойған тіс шұқығышты алып тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бала ішінің ауыруына шағымданып, дәрігерлерге жүгінген. Бастапқы тексеру барысында дәрігерлер іштің сол жағында ауырсыну тудыратын түзілісті байқаған. Компьютерлік томография нәтижесінде оның ағзасында бөгде зат бары анықталған. Науқасқа шұғыл лапароскопиялық ота жасалып, операция бір сағатқа созылған.
Дәрігерлердің таңданысына орай, баланың ішінен тіс шұқығыш табылған. Ұзақ уақыт бойы ағзада жатқандықтан, ол тас тәрізді қатты құрылымға айналып кеткен. Бала оның қашан және қалай жұтқанын есіне түсіре алмаған.
«Бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Бөгде зат ішектің қабырғасы арқылы жұмсақ тіндерге өтіп, уақыт өте келе кальциймен қапталған», – дейді хирург Әсем Шәкеева.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.