Ұлт басына ғаламат қайғы-қасірет әкелген нәубет ешқашан ұмытылмайды – Бауыржан Байбек
Партия төрағасының бірінші Бауыржан Байбек саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алды

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құранбарын еске алып, зұлмат жылдардың қасіреті туралы жазды. Ол өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы кеңестік саяси қуғын-сүргіннің ұлтымызға келтірген қасіреті орасан болғанын атап өтті.
«Тұтас ұлттың жартысына жуығының ғұмырын қиған алапат аштық құрбандары мен әйгілі 37-нің, одан бергідегі қуғындауларда опат болған ұлттың бетке ұстар тұлғаларының ғазиз рухтарына бас иер тағзым күні. Ұлт тарихының зобалаңға толы күрделі кезеңін, ауыр зардабын зерделер, сана сүзгісінен өткізер тағлым мезеті», - дейді Бауыржан Байбек.
Партия төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, 1930 жылдардағы аштықта ұлтымыздың жартысына жуығы қырылған. Одан басқа, бір миллиондай қандасымыз тарыдай шашырап, басы ауған жаққа босып кеткен.
«Озық ойлы, алдыңғы қатарлы 100 мыңдай азаматымыз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңдайы атылды. Зұлмат жылдары Кеңес одағының жер-жерінен Қазақ еліне түрлі ұлт өкілдері мәжбүрлеп жер аударылып, олардың да көпшілігі тағдыр тауқыметін бірге тартты. Қаншамасы осы жерде мәңгілік тыныс тапты. Ұлт басына осыншама ғаламат қайғы-қасірет әкелген бұл нәубет ешқашан ұмытылмайды», - дейді Байбек.
Естеріңізге сала кетейік, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы өз Жарлығымен 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгілеген болатын.