Қостанай облысында бүтін бір отбасы жанып кете жаздады (ВИДЕО)
Өрт сөндірушілер отбасыны аман алып қалды

Қостанай облысы, Ұзынкөл ауылында түн ортасында тұрғын үйден өрт шықты. Отбасының отағасы түтіннің иісінен оянып, дереу жұбайын оятып, 112-ге қоңырау шалуды тапсырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ер адам жағдайды бағалау үшін бөлмеден шыққанда, қалың түтін ас үй мен кіреберісті толық жауып үлгергенін көрген. Дем алу мүмкін болмағандықтан, үй иесі сыртқа шығып, өрт сөндірушілер келген бойда, үй ішінде әйелі мен екі баласының – 8 және 5 жастағы ұл-қыздарының қалып қойғанын хабарлаған.
Өрт кіреберісті басып қалғандықтан, өрт сөндірушілер терезені сындырып, отбасы мүшелерін сол арқылы эвакуациялаған. Сонымен қатар олар жанып жатқан ас үйден екі тұрмыстық газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып, жарылыстың және ауыр зардаптардың алдын алған.
Өрт 30 шаршы метр аумақта сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.