Ол енді қылмыстық ісі үшін 10 жылға сотталуы мүмкін
Қазақстанда кәсіпкерді алдап, 100 млн теңгесін алып кеткен күдікті Германиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті 2023 жылдың қаңтарында екі сыбайласымен алдын ала сөз байласу арқылы жалған компанияларды құру жолымен қазақстандық жұмсақ бидайдың ірі партиясын жеткізіп беремін деп кәсіпкерді алдап, жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам қаражатын иемденген.
«Қылмыстық қудалау органдары күдіктілердің бірін ізін суытпай ұстады, ал қалған екеуі жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланды.
2024 жылдың қазанында іздеуде жүргендердің бірі Германияның Нюрнберг қаласында ұсталып, одан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.