Алматыда элиталық үйдің күзетшісін өлтірген экс-депутаттың ұлы 24 жылға сотталуы мүмкін
Күдіктінің психикалық жағынан дені сау

Алматыдағы элиталық тұрғын үй кешенінде күзетшіні өлтірген 45 жастағы тұрғын 24 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Күдіктіге ерекше қатыгездікпен кісі өлтіру және жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу баптары бойынша айып тағылған. Ол бұрынғы серіктесінің интимдік бейнелерін таратқандықтан, сот жабық есік жағдайындаөтуде.
Қорғау тарапы күдіктінің психикалық ауытқулары бар екенін алға тартып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тырысты. Алайда сараптама нәтижесі оның ақыл-есі дұрыс екенін және қылмыс жасаған сәтте өз іс-әрекетін толық түсінгенін көрсетті.
«Жауапкершіліктен құтылу үшін ол өзін психикалық ауру ретінде көрсетті. Бірақ сарапшылар оның қылмыс жасаған кезде аффект күйінде болмағанын анықтады», – деді адвокат Ерлан Адаев.
Айыптаушы тарап оны 24 жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, сотталушының қорғаушылары істі жеңілірек «Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабына өзгертуді талап етуде.
Қаза тапқан күзетші Нұрбол Қайыпбаев үш баланың әкесі болған. Үлкен қызы – 15 жаста, кенже ұлы – 6-да. Марқұмның жесірі Әсем Молдахунова айыпталушының ата-анасы кешірім сұрағанын, алайда ешқашан кешірмейтінін айтты.
«Балаларымыз әкесін іздейді. Біз бәріміз сені сағындық. Бірақ оны ешкім қайтара алмайды. Сондықтан оның қалған өмірін темір тордың ар жағында өткізгенін қалаймыз», – деді ол.
Жесір әйел соттан қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды және материалдық шығынды өтеуді талап етуде.