Нақты көлем индексі – 112,6%.
2024 жылы жиһаз өндірісінің көлемі 105,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 27,6%-ға артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Саладағы нақты көлем индексі 112,6%. Өндірістің өсуіне төсек пен шкафтардан басқа жатын бөлмеге арналған ағаш жиһаздың 41,5%-ға және кеңселерге арналған ағаш жиһаздың 11,9%-ға артуы әсер етті», – делінген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарламасында.
Өткен жылы жиһаз өнеркәсібінің негізгі капиталына 6,8 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталды. Экспорт көлемі 16,8 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 18,9%-ға өсті. Өнім негізінен ТМД елдеріне жөнелтілді.
Ішкі нарықтағы жиһаз өнімдерінің тұтыну көлемі 309,8 млрд теңгеге жетті. Отандық тауар өндірушілердің үлесі 31,5% болды. Жалпы салада 1 791 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 1785-і – шағын, 5-і – орта, біреуі ірі кәсіпорын.
Жиһаз өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіп көлеміндегі үлесі 0,2%-ды, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 0,4%-ды құрады. Мәліметтерді «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы ұсынған.