Ол ұтысқа тіккен үйін туыстарының бірі жеңіп алған болуы мүмкін деген сыбыс тарады
Атышулы блогер (ред. – Дархан Жолшыбеков болуы мүмкін) 300 млн теңгесін ұтысқа тігіп, 1,5 млрд теңге ақша жинап алған соң, әлі күнге дейін салық төлемеген. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство басшысы BIZDIÑ ORTA подкастына берген сұхбатында ұтысқа салған үйін туыстарының бірі ұтып алғаны мүмкін екенін айтты.
«Бір жағдай туралы жұрт жазып жатыр. Бір блогер 300 млн теңге тұратын үйін ұтысқа қойғаны туралы жарияға жар салды. 50 мың адам оған 30 мың теңгеден ақша жіберген. Осылайша ол 1,5 млрд теңге жинап алыпты. Оның 300 миллионын үйіне ғана жұмсады. Оны туыстарынан кім ұтып алғанын білмеймін. Бірақ туысы ма, басқа біреу ме, оны да білмеймін.
Осы ұтыс ойыны арқылы 1 миллиард 200 млн теңгені ол қалтасына салып алды. Осы табысы үшін ол әлі есеп берген жоқ. Оған қазір осыған байланысты хабарлама жіберілді. Қалай жауап беретінін көрерміз.
Егер ол 1 миллиард 200 млн теңге үшін есеп беріп, салығын төлесе, біз бұл тақырыпты жабамыз. Егер ол келіспесе, тәуекелдерді басқару жүйесіне бірден түседі. Біз оған салықтық тексеріс белгілейміз. Шоты бар банктердің бәрінен оның ақша аударымына қатысты сұрау саламыз. Міне сол кезде шынайы табысы 1,2 миллиард теңгеден де көп болуы мүмкін», - деп Дина Құсайынова блогерге ескертті.
Айта кетейік, осыған дейін атышулы блогер Дархан Жолшыбеков 30 мың теңгеден курс сататынын жариялаған. 50 мың адам курс сатып алғаннан кейін арасынан бір қатысушыға өзінің 300 млн теңге тұратын қымбат үйін сыйға беретінін айтқан болатын.