«Алдымен анасына тағзым етеді»: Қайрат Нұртастың анасы келініне қатысты сынға жауап берді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қайрат Нұртас туған күнін ата-анасымен бірге атап өткенін жұртшылық сынға алған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Әнші Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова ұлының туған күніне қатысты желі қолданушыларының сынына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірер күн бұрын ғана 36 жасқа толған Қайрат Нұртас туған күні болған түні ата-анасының үйіне келгеніне қатысты желі қолданушылары сынға алған болатын.

«Әйелі, бала-шаға қайда, анасының ақылы таң қалдырды», - деп жазды оқырмандардың бірі.

Оның бұл пікірін әншінің анасы жауапсыз қалдырған жоқ.

«Неге өз баламды өзімнен қызғанасыздар екен. Дұрыс, азамат алдымен анасына тағзым етеді, өмір бергеніңіз үшін деп, содан соң бала-шағасы, отбасымен тойлай береді. Түнде 12-ден аса бере маған келді, енді Алла бұйыртса отбасына ұшты, сізге нақты жауап қажет болып бара жатса.

Алладан соң, анасын жоғары қойса оған еш ренжімеңіз, керісінше отбасыңызға үлгі болсын. Ата-ананың разылығы, дұғасы болмаса, жер басып жүрудің өзі күнә шығар. Оған қарсымын дегендер, баласы мен анасын бір-біріне қарсы қойғандар сайтанның азғыруындағы күсәпірлер дер едім.

Қолыңыздан келсе, біздің өміріміз бен әлемімізге араласпай, өз қалауыңызша өз өміріңізді сүргеніңіз абзал. Әр отбасының өз тәртібі, тәрбиесі бар, менің отбасым сізге ұнаса да, ұнамаса да сіздің қалауыңызбен өмір сүрмейді», - деп жазды Гүлзира Айдарбекова.

Айта кетейік, осыған дейін Қайрат Нұртас туған күнін мейрамханалардың бірінде бала-шағасымен бірге атап өткені хабарланған болатын.