Олар ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Шымкентте екі әйел адам есірткі таратып жүрген жерінен қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, синтетикалық есірткі таратумен айналысқан 28 және 31 жастағы азаматшалар қала аумағында есірткі орамаларын жасырып, ол орындардың координаттарымен мессенджерде бөлісіп отырған.
«Қылмыстық әрекетін жүзеге асыру үшін олар жалға пәтер алып, онда есірткі заттарын дозаларға бөліп ораумен айналысқан. Ұсталғандардан жалпы салмағы 90 грамм құрайтын мефедрон салынған 60 орама тәркіленді.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізгені үшін олар ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция есірткі саудасы қоғам үшін көптеген жағымсыз салдарға әкелетін ауыр қылмыс екенін ескертеді және онымен күресу қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды аспектісі болып саналатынын атап өтті», - делінген хабарламада.