$ 501.28  526.19  5.86
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Миллиондап ақша алған: Атырауда жекеменшік мектеп жарты жылға жетпей жабылып қалды

Мектептің лицензиясыз жұмыс істегені белгілі болды

Миллиондап ақша алған: Атырауда жекеменшік мектеп жарты жылға жетпей жабылып қалды
Фото: istockphoto.com

Атырауда ұл-қызын жеке мектепте оқытамыз деген ата-аналар алданып қалды. Олар жарнамасы жер жарған Lets оқу орталығына миллиондап қаржы төлеген. Бірақ кейін білім ошағының лицензиясы жоқ болып шыққан. Сондықтан сот шешімімен бұл мектеп жабылып, директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал балалары «сапалы білім алады» деп, қомақты қаржы төлеп қойған ата-аналар ақшасын қайтара алмай сенделіп жүр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.

Жеке «оқу орталығына алдандық» деген ата-аналардың айтуынша, жаңа оқу жылында баласын орта білім беретін мектептен шығарып алып, желіде жарнамасы жер жарған Lets оқу орталығына берген. Оқу ақысы да аз емес. Миллион теңгеден жоғары. Сөйтіп оқу жылы ортасына таяғанда орталықта білім беретін мұғалім қалмай, балалар бос жүріпті.

«Lets мектепбінің жарнамасына сендік, оған дейін мектеп орталығы болды. Балам ана жылы оқу орталығына келді. «12 жылдық тәжірибеміз бар» дегенге келіп сендік. Жылдық ақшамызды төледік. Шартқа отырдық. Миллион сегіз жүз төлеген ата-аналар бар. Қаңтарда ғана білдік. Сабақ болып жатқан жоқ. Бес-алты мұғалім жұмыстан шығып кеткен. Бізге ол туралы ештеңе айтылмайды», - дейді Назира Ерсайынқызы.

Жүздеген ата-анадан миллиондап қаржы жинап алған жеке мектеп бірер айдан кейін мамандарына еңбекақы төлемей, мұғалімдер жаппай жұмыстан кеткен. Ата-аналар осыдан кейін ғана мектептің лицензиясы жоқ екенін біліп, алданғанын түсінген. Кейбір ата-ана екі жылға ақша аударып тастапты.

«Қыркүйектен бастап оқыттым. Шілде айында 1 млн төледім, тамызда тағы 1 млн төледім. Екі баланы бердім. Екі млн төледім. Сосын қазан, қарашада оператор қыз телефон соға бастады. «Аға, келесі жылға тағы екі балаға ақша төлейтін болсаңыз, 700 мыңнан жеңілдік бар, соған төлеп тастайсыз ба?» деді. Адамды сендіруге мықты болды», - деді Қайрат Аленов.

Ұл-қызына сапалы білім береміз деп сан соғып қалған ата-аналар енді бұл қаражатын қалай қайтарарын білмей дал. Мектеп директоры алғашында байланысқа шығып бәрін реттемекші болған. Кейін із-түзсіз кетті дейді.

Білім сапасына жауаптылардың айтуынша, Lets жекеменшік мектебі мемлекеттік лизенция алмастан, 2024-2025 оқу жылын 247 оқушы, 37 педагогпен бастап кеткен. Бірнеше рет сот арқылы айыппұл да салыныпты. Бірақ оны ескермей, жұмысын жалғастыра берген. Шенеуніктер амалсыздан оның қызметін тоқтатуды сұрап, экономикалық сотқа арыз түсірдік дейді.

«Желтоқсан айында Атыраудың экономикалық сотына ол мектептің қызметін тоқтатуға, мектепті таратуға талап-арызбен сотқа жүгіндік. Ол соттың шешімі биыл жылдың басында шығып, мектеп қызметін толық тоқтатты», - деді Атырау облысы білім сапасын қамту департаментінің басшысы Бердібек Тайшиев.

Шағымдаушылардың айтуынша, олар бар құзырлы органдарға арызданған. Ал полиция Lets жеке мектебінің директоры Максим Қабиевқа қатысты алаяқтық бабы бойынша іс қозғаған.

Серіктес жаңалықтары