$ 498.69  522.23  5.79
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда 100 мыңға жуық адам араққа тәуелді: олардың арасында жасөспірімдер де бар

Ішімдікке тәуелділердің басым бөлігі ер адамдар екені анықталды

Қазақстанда 100 мыңға жуық адам араққа тәуелді: олардың арасында жасөспірімдер де бар
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда 100 мыңға жуық адам ішімдікке тәуелді. Олардың арасында кәмелетке толмаған жастар да бар. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігінің ресми сауалына Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева берген жауабында айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың жалпы алкогольді тұтынуы бойынша егжей-тегжейлі статистиканы жүргізбейді.

Дегенмен Гүлнәр Сәрсенбаева ел азаматтарының ішімдік ішуіне қатысты мәліметті жариялады. Мәселен, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша алкогольді ішімдіктерді пайдалану салдарынан сырқаттанушылық бойынша динамикалық бақылауда 91 349 адам болса, 2024 жылғы 1 қаңтарда – 90 393 адам. Яғни, өздеріңіз көріп отырғандай, көрсеткіште өсу байқалады.

«Оның ішінде: 76 175-і – ер, 15 174-і – әйел, 131-і – кәмелетке толмаған. Барлығы 23 820 адам, оның ішінде үш кәмелетке толмаған алкогольге тәуелділіктен емделді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2 991 адам мәжбүрлі емдеуден өтті, оның ішінде 2 665-і – ер, 326-сы – әйел», - деп мәлім етті ведомство басшысы.

Дегенмен, Ұлттық денсаулық сақтау орталығы екі әлеуметтік зерттеу жүргізді, онда мінез-құлық қауіп факторларының әсерін бағалау үшін респонденттерге алкогольді тұтыну туралы сұрақ қойылды. Бұл – мектеп жасындағы балалардың (11-15 жас) денсаулығының мінез-құлқы мен психикалық саулығының (HBSC) ұлттық зерттеуі, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе отырып, әр төрт жыл сайын жүргізіледі, онда балалар мен жасөспірімдер сауалнама арқылы денсаулығы, мінез-құлқы және өмір сүру жағдайы туралы мәлімет береді.

Қазақстанда 2018 жылы алғашқы ұлттық мониторинг жүргізілді, ал 2022 жылы оған еліміздің барлық өңірінен 121 мектептен 8 528 оқушы қатысты.

«Алкогольді тұтынуға қатысты жүргізілген зерттеу нәтижелері мынаны анықтады: жалпы балалардың 7%-ы өмір бойы 1-2 күн және одан да көп алкогольді тұтынған. Ұлдар мен қыздар алкогольдік ішімдік ішу туралы бірдей мәлімет берген. Жасы ұлғайған сайын, өмір бойы алкогольді пайдаланған екі жыныстағы жасөспірімдердің үлесі артып, 15 жасқа дейін 11,4% жетеді. Соңғы 30 күнде 1-2 күн немесе одан да көп алкогольдік ішімдіктерді қабылдаған жасөспірімдердің үлесі 3,5% құрады. 2022 жылы 2018 жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасында алкогольді тұтыну 3,5%-дан 7%-ға өсті. Жалпы жасөспірімдердің 4,6%-ы өмірінде бір немесе бірнеше рет, ал соңғы 30 күнде 2,3%-ы мас күйінде болған, қыздарға қарағанда ұлдар жиі мас болған», - деп келтіреді Гүлнар Сәрсенбаева.

Өз кезегінде «Салауатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан Республикасы азаматтарының үлесін бағалау. Социологиялық зерттеу-2023» ұлттық зерттеу облыстық денсаулық сақтау басқармаларының көмегімен жылына бір рет жүргізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты департамент директоры айтқандай, бұл кешенді көрсеткіш қауіп факторларының жиынтығы болып саналады, салауатты өмір салтын енгізудің шартты сипаттамасы болып есептеледі және келесі компоненттерді қамтиды:

  • темекі шекпеу, күнделікті көкөністер мен жемістерді 400 граммнан кем емес көлемде тұтыну;
  • адекватты физикалық белсенділік (аптасына кемінде 150 минут орташа немесе 75 минут қарқынды физикалық белсенділік);
  • қалыпты (тәулігіне 5 граммнан артық емес) тұзды қабылдау;
  • алкогольді тұтыну ерлер үшін таза этанолдан аптасына 168 грамнан, ал әйелдер үшін 84 грамнан аспайды.

Республиканың барлық аймағында 18 және одан жоғары жастағы барлығы 13555 респондент сауалнамаға қатысқан.

«Зерттеуге сәйкес, халықтың басым бөлігі алкогольді қалыпты мөлшерде ішеді немесе мүлдем ішпейді – 98,3%. Сонымен қатар, жалпы халық арасында қауіпті дозада алкогольді тұтынудың таралуы 1,7% (ерлер арасында 2,7%, әйелдер арасында 0,7%), қауіпті дозада алкогольді тұтыну 1,6% құрайды. 60 және одан жоғары жастағылар арасында бұл көрсеткіш 1,1%-ға дейін төмендесе, жастар арасында бұл көрсеткіш те 1%-ды құрады», - деді Гүлнар Сәрсенбаева.

Серіктес жаңалықтары