Компания мотор майын ауыстырғандардың автокөлік кепілдігін алып тастаған
Қытай мен Кореядан көлік әкеп сататын «Allur Auto Astana» компаниясының заңсыз әрекеттері анықталды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компанияның әрекетінде монополияға қарсы заңнаманың бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компания сатып алушылардың құқықтарын шектеп, мотор майын ауыстырған және тәуелсіз қызмет көрсету орталықтарында техникалық қызмет көрсеткен жағдайда автокөлік кепілдігін алып тастағаны анықталды. Осылайша, автосервистік қызметтер нарығында бәсекелестікті дамытуға кедергілер жасалып, тұтынушылардың құқықтары бұзылды.
«Департамент анықталған бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы компанияның атына хабарлама жіберді.
Қазіргі уақытта «Allur Auto Astana» ЖШС осы шектеулердің жойылғанын растады. Енді сатып алушылар өз көліктеріне кепілдікті жоғалтпай уәкілетті және тәуелсіз қызмет көрсету орталықтарында қызмет ала алады», - делінген хабарламада.