Қазақстан Еуропа Одағы елдеріне бал экспорттайтын болды
Бал экспорттау үшін Қазақстан ресми түрде рұқсат алды

Қазақстан енді Еуропа Одағының елдеріне бал экспорттайтын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан ресми түрде Еуропа Одағының елдеріне бал экспорттауға рұқсат алды. Тиісті қаулы 2025 жылдың 21 ақпанында Еуропалық комиссия тарапынан жарияланды.
Қазақстан қалдық заттарды бақылаудың Ұлттық жоспарын әзірлеп, енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді, бұл елімізді ЕО-ға осы өнімді экспорттауға құқығы бар елдер тізіміне қосу үшін маңызды қадам болды. Дайындық аясында Еуроодақ талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында көптеген семинарлар, кеңестер мен тексерулер өткізілді.
«Еуропалық комиссия қаулысының 2-бабына сәйкес, бұл шешім Еуропалық Одақтың Ресми журналында жарияланған күннен бастап жиырма күн өткен соң күшіне енеді. Ал өз өнімін экспорттауға рұқсат берілген кәсіпорындар Комиссия мақұлдаған тізімге енгізілуі үшін ЕО нормативтік актілерінің барлық талаптарына сәйкес келуі қажет», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.
ЕО Комиссиясының талаптарына сәйкес, тізімге қосылу үшін аумақтық инспекция өтінішті Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне жолдаған кезде мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:
- Кәсіпорынның ЕО-ның импорттық нормалары мен талаптарына сәйкестігін растайтын комитеттің аумақтық инспекциясының кепілдік хаты.
- Кәсіпорынға жүргізілген ветеринариялық бақылау және қадағалау тексерулері актілері және оның ЕО талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды.
- Кәсіпорында өндірістік бақылау жүйесі мен ХАССП жүйесінің жұмыс істейтінін растайтын құжаттар.
- Кәсіпорын туралы деректер көрсетілген, ағылшын және орыс тілдерінде толтырылған тиісті кесте.
Комитет ұсынылған құжаттарды қарап, оларды TRACES-NT жүйесі арқылы Еуропа Одағы комиссиясына жіберу үшін дайындайды.