Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген ақшаға 28 жаңа мектеп салынатын болды

Автор: Асыл Арман

Қаражат арнайы құрылған қор арқылы бөлінеді

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген ақшаға 28 жаңа мектеп салынатын болды. Арнайы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 22 мың оқушы орнына арналған тағы 28 жаңа мектеп салынады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрлік мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған қор жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Оның негізгі мақсаты білім беру ұйымдары үшін жаңа ғимараттар салу, кеңейту арқылы апатты мектептер мен орын тапшылығын жою.

«Мемлекет балалар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келелі. Бүгінгі таңда 74,4 мың орындық 61 мектеп пайдалануға берілді, оның 29-ы ауылдық елді мекендерде орналасқан», - деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Махсұтов.

2024 жылы 25 мектеп салынды, олардың басым бөлігі Астана қаласында, сол сияқты Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында орналасқан. Барлық білім беру ұйымы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Естеріңізге сала кетейік, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 100 мыңға жуық оқушы орындық 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды.