Ол қаралы жиында өзінің мемлекеттік сыйлықты әлі күнге дейін ала алмай жүргенін айтқан
Әйгілі «Нұрикамал» әнінің авторы жазушы Дулат Исабековтің асында сөйлеген сөзі үшін сынға қалды. Бұл туралы баспагер Бақытжан Бұқарбай Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Баспагердің айтуынша, қаралы жиында Ханбибі Есенқарақызы әлі күнге мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін сөз еткен.
«Қаралы жиындарда зиялы санатына жатқызып жүрген ағаларымыз бен апаларымыздың өзін ұстауы мен сөйлеген сөзі кейде «Бұл қалай сонда?» деген еріксіз ойға қалдырады. Бүгін Дулат Исабековтің асында сөз алған Ханбибі Есенқарақызы марқұмның артында қалған балаларына көңіл айтудың орнына, өзінің мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін алға тартты. Бұл сөзі тым әдепсіз көрінді. Мереке Құлкенов жағдайды жұмсартуға тырысып, «Ендігі рет аласыз» деп әзілге бұрғанымен, мұндай әңгіменің дәл осы жерде айтылғаны ұят болды», - деп жазды Бақытжан Бұқарбай.
Ол сөзін жалғай отырып, Ханбибі Есенқарақызының бүгінге дейін алған сыйлықтары аз емес екенін ерекше қозғап өтті.
«Апамыздың бұлай ренжитіндей жөні бар ма екен деп желідегі ақпаратты қарап шықтым. Ханбибі ханымның алмаған марапаты жоқ екен. «Парасат» пен «Барыс» ордендері, «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» атағы – бәрі бар. Сонда осындай жиында тағы бір марапат жайлы сөз қозғау қаншалықты қажет еді?
Бұған дейін де осындай көріністер болған. Бір аста сөз алған Смағұл Елубай марқұм туралы бір жақсы естелік айтып немесе артында қалған ұрпағына жылы тілек білдірсе жарасар еді.
Осы жазғаным аға буынға жетіп жатса, бір нәрсені ескеріңіздерші: аста біз сияқты жастар да отырады. Жәй ғана отырмай, жағасын ұстап, сіздер үшін испанша ұялып отырады...» - деп баспагер ойын аяқтады.