Павлодарда жоғалған кәсіпкердің денесі табылды: кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу басталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол 21 ақпанда үйінен жұмысқа кетіп, қайта оралмаған

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Павлодарда екі күн бұрын із-түзсіз жоғалған 53 жастағы ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

21 ақпанда Toyota Camry-50 маркалы көлігімен үйінен жұмысқа кеткен павлодарлық кәсіпкер қайта оралмаған. Екі күндік іздестіру шараларынан кейін оның денесі табылды.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен Павлодар тұрғынының мәйіті табылды. Аталған факт бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел шаралар жүргізіліп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу барысында белгілі болады», – деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.