«Қазақстан қатты ұнайды»: жапон музыканты Алматы көшелерінде қазақ күйлерін орындап жүр (ВИДЕО)
Бүгінде оның репертуарында 20-дан астам қазақ күйі бар

Жапониялық музыкант Акира Такегучи Алматыға арнайы келіп, қазақ мәдениетімен жақын танысып жүр. Ол домбыраны алғаш рет Түркияда естіп, содан бері бұл аспапқа деген қызығушылығы артқан. Бүгінде оның репертуарында 20-дан астам қазақ күйі бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «24KZ» арнасына сілтеме жасап.
Акира Такегучи қазақ домбырасын алғаш рет Стамбулдағы досынан естіген. Кейін аспаптың қыр-сырын үйрену үшін арнайы сабақтар алып, қазақ музыкасына деген ықыласы арта түскен. Оның сүйікті күйлерінің қатарында «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» бар.
Музыканттың басты арманы – әйгілі күйші Секен Тұрысбековпен кездесіп, шеберлігін көру болатын. Алматыда бір ай болғаннан кейін оның бұл арманы орындалған.
«Маған Қазақстан қатты ұнайды, қазақ тілін үйренгім келеді. Секен Тұрысбеков – нағыз кәсіби күйші, оның өнеріне тәнтімін. Бұрын Түркияда скрипкада ойнағанмын, бірақ домбыраның үні ерекше, таңғажайып қуатқа ие. Тіпті, Жапонияда өткен байқауда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап, жеңіске жеттім», – дейді музыкант.
Ендігі кезекте Акира Такегучи халық әртісі Айгүл Үлкенбаеваның шеберлік сабағына қатысуды армандап жүр.