Маңғыстау тұрғыны бұрынғы күйеуінен өзіне де алимент төлеуді талап етті
Әйел екі кішкентай баласы үш жасқа толғанша өзіне айына 320 мың теңге сұраған

Маңғыстау облысының тұрғыны декреттік демалыста болған кезеңде бұрынғы жұбайынан өзіне алимент төлеуді талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот мәліметінше, талапкер О. бұрынғы жұбайы Ж.-дан 2022 және 2023 жылы туған екі кішкентай баласы үш жасқа толғанша, өзіне алимент төлеуді сұраған. Әйел алимент мөлшерін 80 АЕК, яғни шамамен 320 мың теңге көлемінде белгілеуді талап еткен.
«Сот отырысында анықталғандай, жауапкер Ж. 2022 және 2023 жылы туған кәмелетке толмаған балаларының әкесі бола тұра, өз отбасын, балаларын материалдық жағынан лайықты қамтамасыз етпеген. Бірінші сатыдағы сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды», - деп хабарлады сот өкілдері.
Сот шешіміне сәйкес, жауапкер бұрынғы жұбайына ай сайын 15 АЕК көлемінде (58 980 теңге) алимент төлеуге міндеттелді. Шешім заңды күшіне енді.