Далада қала жаздады: АҚШ-тан депортацияланған қазақтар Коста-Рикаға жеткізілді
АҚШ-тан депортацияланған 135 заңсыз мигрант Коста-Рикаға жеткізілді

Бұл ел АҚШ-тан қуылған Үндістан мен Орталық Азияның 200 азаматын қабылдауға келісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.
Мигранттар арасында Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Армения, Түркия, Ауғанстан, Ресей, Грузия, Вьетнам, Әзірбайжан, Иран, Иордания және Ганадан келген отбасылар бар. Олардың тең жартысы – кәмелетке толмағандар, кем дегенде екі жүкті әйел бар.
Сан-Диегодан Сан-Хосеге ұшақпен жеткізілген мигранттар кейін Панама шекарасына жақын орналасқан баспанаға жөнелтілді. Коста-Рика билігі оларды бір айға дейін елде қалдыруға рұқсат беріп, осы уақыт ішінде өз еркімен отанына қайтуын үйлестіреді.
Қауіпсіздік министрінің орынбасары Омер Бадилланың айтуынша, депортацияланғандар өз елдеріне оралғанда қауіпсіздіктеріне төнетін қатер мұқият тексеріледі. Кейбірі Коста-Рикадан босқын мәртебесін сұрай алады.
Панама да депортацияланғандарды қабылдауға келісті. Үш ұшақ Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африкадан адамдарды алып келген. Панама билігінің мәліметінше, мигранттардың кейбірі Канада сияқты басқа елдерге қоныстануы мүмкін.
Reuters агенттігінің АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаментінің деректеріне сүйеніп хабарлауынша, Трамп президенттігінің алғашқы айында 37 660 адам депортацияланған. Ал Байден әкімшілігі кезінде бұл көрсеткіш орташа айлық 57 000-ға жеткен.