Нұр-Сұлтанда карантин кезінде жұмыс істеген қорқорханаларға айыппұл салынды
Нұр-Сұлтанда карантин кезінде қорқор шегуге тыйым салынғанына қарамастан, мейрамхана мен кафе, кальян орталықтары жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осыған орай әкімдік мамандары, дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінен құрылған мобильді топ аудандардағы бірнеше көңіл көтеретін орталықтарды аралап шықты. Azattyq Rýhy тілшісі 27 мамыр күні Есіл ауданында жүргізілген рейдке қатысты.
«Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен арнайы алгоритм жасалған еді. Сол алгоритмге сәйкес, қала әкімі өкім шығарып, әр ауданда мобильді топтар құрылған. Біз барлық мейрамхана мен кафелерде күн сайын рейд жасап жатырмыз. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін барлық санитарлы–эпидемиологиялық нормалар сақталуы тиіс», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы.
Рейд барысында мейрамхана мен кафелердегі кейбір қонақтардың маскасыз отырғаны анықталып, кіре берісте санитайзер орнатпаған екі ойын-сауық орталығына хаттама толтырылді. Бұл істер сотқа жіберілді.
Құқық қорғау органдарының өкілдері, еріктілер қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды маска киюге және басқа да қорғаныс құралдарын пайдалануға шақырды.
Айта кететіні, кафелердегі орындардың арасындағы ара қашықтық екі метр болуы тиіс. Кіре берісте арнайы санитайзерлер тұруы керек. Талаптар орындалмаған жағдайда арнайы хаттама толтырылып, материал сотқа жолданады. Сонымен қатар карантин кезінде қорқор шегуге тыйым салынған.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан қаласы