$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағанды облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының жаңа төрағасы сайланды

Облыстық жастар қанатының 2019-2025 жылдары атқарған жұмысы туралы есеп берілді

Қарағанды облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының жаңа төрағасы сайланды
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Қарағанды облыстық «AMANAT» партиясының филиалында «Жастар Рухы» жастар қанатының кезектен тыс XXII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Конференцияның күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды: 

  1. Қарағанды облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының 2019-2025 жылдар аралығындағы атқарған жұмысы туралы есеп. 
  2. Қарағанды облыстық «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасын сайлау.

Конференция барысында Қарағанды облыстық «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағалығына Мажитов Арафат Азаматұлының кандидатурасы ұсынылып, делегаттардың бір ауыздан қолдауымен төраға қызметіне сайланды.

Іс-шарада «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков жастардың бастамаларының өңірдің әлеуметтік-саяси өмірін нығайтудағы және Қазақстанның дамуына қосар үлесі туралы ерекше айтты.

«Қарағанды – өнеркәсіп пен жұмысшы жастар қаласы. Облысымызда түрлі санаттағы жас азаматтар бар. Жаңадан сайланған көшбасшы Жастар қанаты мен өңір жастары үшін нәтижелі, оң көрсеткіштерге толы жұмыстар атқаратынына сеніміміз мол. Біз әрқашан партия тарапынан жастарды дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдаймыз және олардың әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасауға күш саламыз»,- деді Бекзат Алтынбеков.

«Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова жаңадан сайланған көшбасшыны құттықтап, жастар үшін атқарылатын алдағы міндеттерге тоқталды.

«Еліміздің орталығында орналасқан Қарағанды облысы өнеркәсіптік даму жөнінен алғашқы тұрған өңірлердің бірі. Өңір тек индустриалды орталық ғана емес, жас буынның күш-жігерімен де ерекше. Қазақстан халқының оннан бір бөлігі қоныстанған аймақта 306 мыңнан астам жас бар. Алдағы уақытта өңірдегі ауыл жастарына назар аудару басым бағыт болып табылады. Барынша жұмысшы мамандықтарды насихаттау, жастардың мансаптық мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыру және негізгі салаларда кәсіби бағдарды ынталандыруды бірлесе атқаратын боламыз»,- деді Ақерке Искандерова.

Конференция барысында 2019-2024 жылдары жасалған жұмыстар есебін «Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ержан Хамитов баяндады. Ол облыстағы жастарды қоғамдық процестерге белсенді тарту және олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстың нәтижелі болғанын атап өтті.

«Университеттің 1-курсыннан бастап осы ортада белсенділік танытып, үлкен өмір мектебінен өттім. Мұнда мен тек тәжірибе жинап қана қоймай, маған сенім артатын нағыз достар мен ортамды таптым. Алдымызда көптеген жобалар мен ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Құрылған жоспарлар мен айтылған міндеттерді сапалы орындайтын боламыз», - деді Қарағанды облыстық «Жастар Рухы» Жастар қанатының жаңадан сайланған төрағасы Арафат Мажитов.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы жанындағы Қарағанды облыстық жастарды қолдау жөніндегі кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Оразбеков жастар бастамаларын қолдаудың және олардың саяси және әлеуметтік өмірге белсене араласуының маңыздылығын атап өтіп, құттықтау сөзін айтты. Ал Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова сөз алып, жастар ұйымының мүшелерінің жетілуі мен жауапкершілігін жоғары бағалады.

Айта кетейік, конференцияға Қарағанды облысының түрлі қалаларынан және аудандарынан 200-ден астам қатысушы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңестің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының басшылары, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.

Конференция жастар қозғалысының Қарағанды облысында әрі қарай дамуы мен өнімді жұмысының нәтижесінде оң көңіл күймен аяқталды.

Серіктес жаңалықтары