2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қоса алғанда 2,3 млн-нан асқан
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев Батыс Қазақстан облысында киік саны күрт көбейіп, қарапайым шаруаларға үлкен зиян тигізіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сөз басында киік саны БҚО-дағы 7 ауданның тұрғындары киіктен зардап шегіп отырғанын ерекше атап өтті.
«Киіктің киесін бала кезден білетін ел қару алып қара жерді қанжоса қылмайды. Бірақ тірлігі төрт түлікке қараған ағайынның алдағы жылдары тігерге тұяғы қалмай ма деген қауіп бар. Мәселе – жалпы, себеп – жалқы, ол – ақбөкеннің саны. Нақты деректерді санамалап берейін, Батыс Қазақстан облысының 7 ауданы киіктің тұрағына айналды. Ол: Қазталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Ақжайық, Тасқала және Бәйтерек аудандары. Ғалымдардың биологиялық негіздемесі бойынша, БҚО ең көп дегенде 500 мың бас киікті сыйдыра алады. Ресми дерекке сүйенсем, 2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қоса алғанда 2,3 млн-нан асқан. Алдағы екі жылда киіктің саны 5 миллионнан асады деген болжам бар.
Батыстағы ақбөкеннің санын реттеуге келгенде жауапты органдар мойындарына жауапкершілік алғысы келмейді. Қоршау жасап қорғауға да құлықсыз тиісті мекемелер. Киіктің киесі ұрмасын десек биыл нақты шешім қабылдау қажет, себебі ақбөкенмен адамды жайылымға таластырып тастап кетудің салдары ауыр болуы бек мүмкін», - дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Айтуынша, қазір жағдай ушығып тұр. Тірлігі төрт түлікке қараған ел жайылымды киік жайпап кеткесін малдарын жаппай сатып ауылдарын тастап көшуге айналған.
«Нақты дерек, 2023 жылы БҚО-да 921,7 мың га жерді киік таптап тастаған, оның ішінде егістік алқап, шабындық пен жайылым жер бар. Салдарынан 2024 жылы БҚО-ның 4 ауданында (Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек және Казталов) төтенше жағдай жарияланды. Халықтың алдындағы малы қырылып қалмасын деп облыстық бюджетке қол салуға тура келді. Былтыр жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4,2 млрд теңге бөлінді. Бұл бір реттік шара», - дейді депутат.
Сөзін жалғай отырып, биыл ақбөкеннің саны артып, былтыр тұяққа тапталған жердің тақырға айналатынын ескеріп, шаруалардың шаруасы шатқаяқтап қалмау үшін аталған қаржыны екі еселеуге тура келетіні, бірақ оны облыстың бюджеті көтере алмайтынын тілге тиек етті.
«Екінші проблема киіктің өлімі көбейген. 2024 жылы БҚО-да 5598 киіктің өлексесі табылды. Анықтама: 2022 жылы – 390 төшке (аталық – 191, аналық – 64, төлі – 135), 2023 жылы – 1336 төшке (аталық – 663, аналық – 341, төлі – 332), 2024 жылдың басынан бастап – 5598 төшке (аталық – 1146, аналық – 4452). Себебі алуан, бір қорқыныш бар, ветеринариялық қауіпсіздік тұрғысында киіктердің тығыздығының жоғары болуынан 2010-2011 жылдардағы пастереллез эпизоотиясының қайталану қаупін мамандар жоққа шығармайды.
Одан бөлек, киіктердің үй жануарларымен бірге жайылуынан листериоз, аусыл, бруцеллез сынды аурулар пайда болуы мүмкін дейді мамандар. Мыңдаған киіктің өлексесі далада түрлі ауруға себеп болмасын деп мамандар оларды ауылдардағы мал молаларына тастауда. Салдарынан қазір елді мекендердегі мал молалары толып қалған, киік тұрмақ ауылдың өлген малын тастайтын жер жоқ. Қазір өлген киікті де, малды да азаматтар өртеуге мәжбүр. Мұның соңы қандай болуы мүмкін екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар», - дейді «AMANAT» партиясының мүшесі.
Сөз арасында киік саны осыған дейін де бірнеше мәрте көтерілгенін айрықша қозғап өтті.
«Ақбөкеннің санына қатысты ағайынның арызы Мәжілістің төрінде бір емес, бірнеше рет айтылды. Бірақ Үкімет үкім етуге асығар емес. Салдарынан халық қазір қатты ашынып отыр. Орталық мемлекеттік органдар проблеманы көрмегендей кейіп танытып, жұрттың жанайқайын жылы жабуға тырысатындай.
2023 жылы киік санын реттеуді қолға алған Үкімет жарты жылдан соң ол әрекетін сап тыйды. Ағайын ақбөкенмен бетпе-бет қалып кетті тағы. Былтыр мемлекет басшысы қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салғанын бәріміз көрдік. Расында киіктің киесі барын қазақ жақсы біледі. Сондықтан қарапайым халықтың шаруасынан шашау шығармайтын және ақбөкеннің обалына қалмайтын, ұлан-ғайыр даланы киік үшін оқ пен оттың ортасы қылмайтын ортақ, нақты шешім қабылдау қажет», - деді депутат Нартай Сәрсерғалиев.
Сөз соңында халық қалаулысы осы мәселені шешуде нақты ұсыныстарын тізбектеп шықты: