Биыл қазақстандықтар Рим, Гуанчжоу және Шанхайға тікелей ұша алады
Осы бағыттар бойынша жаңа халықаралық реййстер іске қосылмақ

Биыл Қазақстаннан 16 шетелдік бағытқа жаңа рейстер ашылады. Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, әуе нарығына 4 шетелдік лоукостер кіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Халықаралық әуе рейстерінің саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта 31 елдің 58 қаласына 119 бағыт бойынша рейстер орындалады. Былтыр 22 халықаралық бағыт бойынша 6 жаңа қалаға 12 рейс ашылды. Олардың қатарында Мумбай (Үндістан), Джидда (Сауд Арабиясы), Прага (Чехия) сияқты ірі қалалар бар. Сонымен қатар, 10 бағыттағы рейстер қайта жанданды», - дейді Талғат Ластаев үкімет отырысында.
Оның айтуынша, биыл 16 жаңа бағыт ашу жоспарланып отыр.
«Олардың қатарында Рим, Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Гуанчжоу, Пусан (Оңтүстік Корея) және басқа да қалалар бар. Қазақстанның халықаралық әуе нарығына 4 жаңа шетелдік лоукостердің келуімен жолаушыларға бюджеттік әуе бағыттарын ұсыну мүмкіндігі артады. Олар: SpiceJet (Үндістан), Eastar Jet және T’way Air (Оңтүстік Корея), ThayAirAsia (Тайланд). Өткен жылы «ашық аспан» режимі Қызылорда, Қостанай және Атырау әуежайларында енгізілді және барлық халықаралық әуежайларда жұмыс істеп жатыр», - деді вице-министр.