Ақсуда мемлекеттік тұрғын үйлердің жалдау құны үш есеге жуық негізсіз көтерілген
Прокуратура заңбұзушылықтарды анықтады

Ақсу қаласында мемлекеттік тұрғын үйдің жалдау ақысы үш есеге жуық негізсіз көтерілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақсу қаласы прокурорының наразылығы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік меншікке жататын 6 тұрғын үйдегі пәтерлердің жалдау ақысы қайта қаралды. Енді тұрғындар 1 шаршы метр үшін бұрынғы 125 теңгенің орнына 49 теңге төлейтін болады.
«Әкімдік тұрғындармен жаңа шарттар бойынша 100-ден астам келісімшартты қайта жасасты. Жалға алу құнының төмендеуіне прокуратура анықтаған заңбұзушылықтар себеп болды.
Атап айтқанда, жалдау ақысын есептеу кезінде әкімдік ғимараттардың есептік пайдалану мерзімін және олардың жалпы аудандарын дұрыс анықтамаған, бұл жалдау төлемдерінің едәуір артып кетуіне әкелген.
Қазіргі уақытта прокуратура органдары бұл мәселені толық шешілгенге дейін ерекше бақылауда ұстап отыр», - делінген хабарламада.