Көкшетауда бопсалаушылар кәсіпкерден 6 млн теңге талап еткен (ВИДЕО)
Ұсталған күдіктінің біреуі бұрын бірнеше рет сотталған

Көкшетауда кәсіпкерден 6 млн теңге талап еткен бопсалаушылар қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысы прокуратурасының үйлестіруімен, биыл ақпан айында полиция қызметкерлері Көкшетау қаласында екі бопсалаушыны ұстады.
«Облыс орталығының екі тұрғыны қорқыту арқылы кәсіпкерден 6 000 000 теңге бопсалағаны анықталды, алайда ақшаны күтпей жәбірленушіге тиесілі бірнеше телефон мен кеңсе техникасын алып кетті. Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде бұл техника заттай дәлелдемелер ретінде алынды.
Полицейлер бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, оның барысында қатысушылар қамауға алынды. Жедел қызметкерлердің айтуынша күдіктілердің бірі бұрын бірнеше рет сотталған және 2021 жылы осындай қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру орнынан бірнеше ай бұрын босатылған. Қазіргі уақытта қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде.