Украинада президент сайлауының өту мерзімі белгілі болды
Украинадағы президент сайлауы 2024 жылдың 26 қазанында өтуі мүмкін

Бұл туралы елдің бұрынғы президенті Петр Порошенко мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РБК-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл болжам Censor.net және «Украинская правда» басылымдарының деректеріне негізделген. Порошенконың сөзінше, билік президенттік, парламенттік және жергілікті сайлауларды бір күнде өткізуді жоспарлап отыр.
«Сайлау жылдың соңында өтеді деп ойлаймын. Конституцияға сәйкес, осы кезеңде парламент сайлауы да өтуі тиіс еді. Ал қазан айының соңында жергілікті сайлау жоспарланған. Сондықтан билік барлық сайлауды бір уақытта өткізуді көздеп отыр», – деді Порошенко.
Айта кетейік, өткен жылдың сәуір айында Порошенко Украинадағы келесі президенттік сайлауға қатысуға ниетті екенін жариялаған болатын. Қазіргі уақытта ол «Еуропалық ынтымақтастық» партиясының жетекшісі және Жоғарғы Раданың депутаты.