Ақтауда клининг компаниясы 40-қа жуық адамды жалақысыз қалдырды
Компания иесі басында уәдемен құтылып жүріп, кейін ізін суытқан

Ақтауда клинингтік компания иесі өз қызметкерлеріне жалақы төлемей, ізін суытты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada басылымына сілтеме жасап.
Тазалық жұмыстарымен айналысқан 40-қа жуық еден жуушы мен ыдыс жуушы бірнеше ай бойы еңбекақыларын ала алмай жүр. Олардың айтуынша, кәсіпкер үнемі уәде беріп, кейін байланысқа шықпай қойған.
Жұмысшылардың бірі Нұрлыгүл Тұрақбаеваның айтуынша, компания басшысы Аягөз есімді әйел 10 ақпан күні жалақы төлеуге уәде еткен.
«Бізді алдап кетті. Үнемі уәде беріп, кейін жоқ болып кете берді. Тіпті, «Қызметкерлердің қарыздары» деген арнайы топ ашып, жалақы туралы ақпарат беріп отырды. 10 ақпан күні 10-15 мың теңге беретінін айтқан. Маған 15 мың теңге аударамын деді. Бірақ сол күткен ақшамызды сұрай бастағанымызда, әлгі топты жауып тастады», – дейді Нұрлыгүл Тұрақбаева.
Клинингтік компания Ақтаудағы сауда орындары мен жеке үйлерді тазалау қызметін ұсынған. Алайда, оның ресми тіркелмегені анықталды. Кәсіпкер Шымкенттен келген, бірақ ол жұмыскерлеріне жалақы төлеместен, 20 миллион теңгеден астам қарызбен ғайып болған.
Еңбек инспекциясы компанияның басқа адамның атына тіркелгенін мәлімдеді. Сондықтан жұмысшылардың заңды түрде жалақыларын талап етуі қиынға соғады. Сонымен қатар азаматтар мен жұмыс беруші арасында еңбек шарты да жасалмаған.