$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-да робот-сот орындаушы тұрғындардың миллиондаған теңгесін үнемдеуге көмектесті

2024 жылы «Цифрлық сот орындаушы» арқылы 7 754 іс қозғалды

БҚО-да робот-сот орындаушы тұрғындардың миллиондаған теңгесін үнемдеуге көмектесті
Фото: © istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында «Робот сот орындаушы» жүйесінің арқасында азаматтар артық төлемдерден босатылып, уақыттарын үнемдеуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасап.

БҚО Әділет департаментінің мәліметінше, әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлемеген жағдайда (20 АЕК-ке дейін), тиісті органдардың деректері «Робот сот орындаушы» жүйесіне беріледі. Бұл жүйе жеке сот орындаушысының (ЖСО) араласуынсыз атқарушылық өндірісті автоматты түрде қозғайды.

«Осыдан кейін азаматтар 1414 нөмірінен SMS хабарлама және eGov Mobile қосымшасы арқылы push-хабарлама алады. Онда істің толық деректері көрсетіледі, бұл оларға қосымша 25% комиссия төлеуден және ЖСО-ға барудан құтылуға мүмкіндік береді. Барлық әрекет онлайн режимде жүзеге асырылады», — делінген хабарламада.

Әділет департаментінің деректері бойынша, 2024 жылы «Цифрлық сот орындаушы» арқылы 7 754 атқарушылық іс қозғалды. Олардың жалпы сомасы 166 миллион теңгені құрады.

Жүйе іске қосылғаннан бері 1,5 мыңнан астам іс жабылып, 32 миллион теңге өтелді.

«Бұл технологияның арқасында Батыс Қазақстан облысының тұрғындары 8 миллион теңге үнемдей алды», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Жеке сот орындаушыларына орындалуы үшін 5 мыңнан астам іс тапсырылды. Олардың жалпы сомасы 114 миллион теңгені құрайды. Қалған 838 атқарушылық іс 19 миллион теңге көлемінде тіркелген.

Серіктес жаңалықтары