Прокурор оны 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады
Атырау қаласында пара алған полиция қызметкері сотталды. Ол 300 мың теңге көлемінде ақша алып, әріптесінің жүргізіп жатқан қылмыстық ісіне ықпал етемін деп уәде берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметінше, айыпталушының кінәсі телефон арқылы сөйлескен жазбалар, жәбірленушінің және куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ сараптама нәтижелері арқылы дәлелденген.
«Прокурор соттан 6 жыл бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыру және «лейтенант» атағынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда, айыпталушының қорғаушылары оны ақтауды талап етті», — делінген хабарламада.
Сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескере отырып, бірақ қызметтік антын бұзуын ауырлататын жағдай деп танып, оған 6 миллион теңге айыппұл салды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынып, полиция лейтенанты атағынан айырылды.