Енді ата-аналар өлім аузында жатқан балаларымен реанимацияда бірге бола алады
Мұндай шара медициналық көмектің сапасын арттыруға көмектеседі деп болжанып отыр

Денсаулық сақтау министрлігі анестезиология және реаниматология қызметін көрсету ережелеріне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты «Ашық реанимация» қағидатын енгізу туралы жоба «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа редакцияға сәйкес, енді ата-аналар мен заңды өкілдер балаларына реанимация бөлімдерінде серік бола алады. Бұл өзгеріс келесі санаттағы науқастарға қатысты:
- мүгедектігі бар балалар;
- онкогематологиялық аурулары бар балалар;
- паллиативтік көмекке мұқтаж балалар;
- өлім аузында жатқан балалар;
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар.
Жоба авторларының айтуынша, мұндай шара медициналық көмектің сапасын арттыруға көмектеседі.
«Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, «Ашық реанимация» жүйесі медицина қызметкерлері мен пациенттердің туыстары арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартады. Сонымен қатар дәрігерлердің кәсібилігі артып, шағымдар саны азаяды. Ата-аналар балаларының жанында болып, олардың күтіміне белсенді қатысқан жағдайда, науқастың жағдайына оң әсер етеді және денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімділік күшейеді», – делінген құжатта.
Жоба 28 ақпанға дейін қоғамдық талқылауда болады.