Латын Америкасы пандемия ошағына айналды
Мұнда коронавирустан қайтыс болғандар саны күн сайын артып жатыр
Әлем дәрігерлері Латын Америкасындағы жағдайға алаңдаулы. Мұнда коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.
Бразилияда коронавирус алғаш рет 26 ақпанда тіркелген. Содан бері ауру жұқтырғандар саны 390 мыңға жетті. Мемлекет науқастар саны бойынша әлемде екінші орынға шықты. Соған қарамастан, Бразилияда карантин жарияланбады. Сонымен қатар Мексика, Чили, Перуде де науқастар саны артып жатыр. Жалпы, Латын Америкасында коронавирус жұқтырғандар саны 750 мыңнан асады. Ал қайтыс болғандар саны 40 мыңға жетті.
«Өлім деңгейі аз болғанымен, Латын Америкасында тестілеу деңгейі де төмен. Яғни, коронавирустан қайтыс болғандардың тіркелмей қалуы да мүмкін. АҚШ пен көптеген Еуропа елдерінде өлім көрсеткіші азайып жатқанымен, Латын Америкасында күн санап артып жатыр», - дейді сарапшылар.
Олар Латын Америкасы әлі аурудың шарықтау шегінен өтпегенін айтқан.