Алаяқтар бір күнде Ақмола тұрғындарының 6 млн теңгесін үптеп кетті
Облыстың түрлі аудандарынан арыз түскен
![Алаяқтар бір күнде Ақмола тұрғындарының 6 млн теңгесін үптеп кетті](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/12/67ad00321750c463698545.jpeg)
Интернет-алаяқтар бір күнде Ақмола тұрғындарының 6 млн теңгесін үптеп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған.
Облыстық ПД мәліметінше, аймақтың әртүрлі ауданында тұратын 4 азамат интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Степногорск қаласының, Атбасар және Сандықтау аудандарының полиция бөлімдеріне алаяқтық фактілері бойынша жергілікті тұрғындардан арыз түсті.
Барлық жағдайда жәбірленушілерге Ұлттық банктің, «HOME CREDIT BANK» және «Halyk Bank» қызметкерлері деп өздерін таныстырған белгісіздер қоңырау шалған. Өтініш берушілерді оларға қатысты алаяқтық әрекеттермен қорқыта отырып, несие ресімдеуге және ақшалай қаражатты үшінші тұлғалардың шоттарына аударуға мәжбүр еткен. Жалпы шығын шамамен 6 200 000 теңгені құрады.
«Жәбірленушілердің өздері алаяқтық фактілері мен алаяқтар қолданатын негізгі әдістер туралы білген, алайда қоңыраулар түскен кезде олар шабуылдаушыларға соншалықты сеніп, сақтық шаралары туралы мүлде ұмытып кеткен. Қазіргі уақытта барлық факті бойынша алаяқтық бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр», - делінген ПД хабарламасында.