Тегін дөнер, суши: Маңғыстау облысында жұрт бірін-бірі таптап тастай жаздады

Автор: Асыл Арман

Қызыл-Төбе-2 ауылында болған оқиғаның видеосы жарияланды

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында дөнер, суши тегін беріледі деген соң көрсетілген мекенжайға барған жұрт бірін-бірі таптап тастады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мұнайлы ауданында орналасқан дәмханалардың бірінің басшылығы дөнер, суши және бәліштерді тегін беру науқанын ұйымдастырып, салдарынан адам көп жиналған. Ауыл тұрғындарын тыныштандыру және тәртіпке шақыру үшін оқиға орнына полиция қызметкерлері де жетті.

Желіде Қызыл-Төбе-2 ауылында болған оқиғаның видеосы жарияланды. Оқиға орнына жеткен полицейлер жиналғандарды тыныштандыру үшін дауыс зорайтқышты қолдануға мәжбүр болды.

Тәртіп сақшылары анықтағандай, тегін шараны ұйымдастырушы дәмханалардың бірінің иесі болып шықты. Ол 11 ақпан күні кешке ұйымдастырған.

Маңғыстау облысының полиция департаменті кәсіпкермен профилактикалық әңгіме жүргізілгенін хабарлады. Кафе иесінің айтуынша, ол жағдай мұндай болады деп ойламаған.

«Халықтың көп жиналуына байланысты келеңсіз оқиғалар болмас үшін ол жерге тегін суши, дөнерді таратпай, басқа елді мекендерге тараттық. Мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанбайды. Келеңсіз жағдай үшін кешірім сұраймыз», - деді мекеме иесі.