Қазақстанда былтыр 700-ден астам адам астан жаппай уланған: басым бөлігі – балалалар
Уланудың басым бөлігі қоғамдық тамақтану объектілерінде тіркелген

Қазақстанды былтыр астан жаппай уланудың 18 жағдайы тіркелді. Бұл жағдайлардың 79 пайызында балалар зардап шеккен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, барлығы 731 адам зардап шеккен, оның ішінде балалар саны – 582, олардың үлесі 79% құрайды.
«Уланудың жалпы санының 61,1%-ы (11 жағдай) қоғамдық тамақтану объектілерінде, 27,8%-ы (5 жағдай) білім беру объектілерінде және 11,1%-ы (2 жағдай) дайын тағамды сату кезінде тіркелді.
Тамақтан улану – құрамында патогенді микроорганизмдер, олардың токсиндері бар тағамдарды жеу нәтижесінде туындайтын жұқпалы немесе уытты ауру», - делінген Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы хабарламасында.
Тамақтан уланудың негізгі себептері:
- Персонал тарапынан жеке гигиенаны бұзу:
- тамақ өнімдерін дайындайтын объектілерде – тамақ пісірер алдында және шикі өнімдерді ұстағаннан кейін қолды жеткілікті түрде жумау;
- тамақ дайындамас бұрын, дәретханаға барғаннан кейін қолды жумау.
- Өнімдерді дұрыс сақтамау – температуралық режимді бұзу, мерзімі өткен немесе бүлінген өнімдерді одан әрі пайдалану;
- Дайындау технологиясын сақтамау – ет, балық, жұмыртқа және басқа да өнімдерді термиялық өңдеуден жеткілікті түрде өткізбеу;
- Шикі және дайын өнімдерді жанастыру – кесу тақтасын, шикі және пісірілген тағамдарға арналған пышақты пайдалану;
- Лас ыдыс-аяқ – ыдыстарды таза жумау, ластанған асхана құралдарын пайдалану;
- Жарамдылық мерзімін елемеу – жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді немесе олардың сапасын тексермей пайдалану;
- Өнімдерді тасымалдау шарттарын бұзу – температуралық режимді сақтамай тасымалдау; азық-түлік шикізаты мен дайын тамақ өнімдерін тасымалдау үшін көлікті уақытылы тазаламау және дезинфекциялау;
- Қоғамдық тамақтандыруда санитариялық нормаларды сақтамау – ас үйдің лас беттерін пайдалану;
- Тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында, қоғамдық тамақтандыру орындарында және дайын тағамды өткізу орындарында үй-жайлар мен жабдықтарға тұрақты түрде дезинфекция жүргізбеу.
Тамақтан улану белгілері. Симптоматика қоздырғыштың табиғатына және ағзаның уытты зақымдану дәрежесіне байланысты:
- Жүрек айну және құсу;
- Іштің ауыруы және спазмы;
- Диарея;
- Дене қызуының көтерілуі;
- Бас ауруы, әлсіздік.
- Тамақтан уланудың алдын алу:
- Жеке гигиена ережелерін сақтау (қол жуу).
- Тағамды термиялық өңдеу (ет пен балықты қауіпсіз температураға дейін жеткізу).
- Тамақ өнімдерін сақтаудың температуралық режимін сақтау.
- Тамақ, аспаздық және нан-тоқаш өнімдерін дайындау кезінде жұмыртқаны 5-10 минутқа суға салып, тазалау керек.
- Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімін бақылау.
- Үй-жайларға күрделі тазалау жүргізу, жабдықтарды, мүкәммалды тазалау, жуу және дезинфекциялау, сондай-ақ үй-жайларды дезинсекциялау және дератизациялау.
- Тамақ өнімдерін, оның ішінде азық-түлік шикізатын қолмен ұстайтын, тамақ дайындайтын персоналды қол терісінде және денесінің ашық жерлерінде іріңді аурулардың бар-жоғын, жұқпалы аурулардың, жоғарғы тыныс жолдары ауруларының бар-жоғын күнделікті қарап-тексеру.
- Ас блогы персоналының міндетті медициналық қарап-тексеруден уақытылы өтуі.
Осы ұсынымдарды сақтау тамақтан улану қаупін азайтуға және тамақ өнімдерін тұтынудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жаппай тамақтан улану – бұл халықтың, әсіресе балалардың денсаулығына төнетін үлкен қауіп. Қоғамдық тамақтану және білім беру объектілері қызметкерлерінің негізгі міндеті – санитариялық-гигиеналық нормаларды қатаң сақтау. Өнімдердің профилактикасы мен сапасын бақылау – инфекциялардың өршуін болдырмауға көмектесетін негізгі шаралар», – деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының директоры.