Шымкентте 110 млн теңге ақша жымқырған экс-судья 7,5 жылға сотталып кетті
Ал осы іске қатысы бар адвокат 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды
![Шымкентте 110 млн теңге ақша жымқырған экс-судья 7,5 жылға сотталып кетті](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67aaf68ee42b5016874720.jpeg)
Шымкентте атышулы экс-судья 7 жылға түрмеге қамалды. Ол алаяқтық, бөтеннің аса ірі мөлшердегі мүлкін жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Экс-судья 7 жыл 6 айға сотталды. Сот оны 110 млн теңге көлемінде қаржы жымқырды деп айыптап, бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот өз сөзінде, экс-судьяның лауазымына кір келтіргенін және кінәсін мойындамағанын, судья антына адал болмағанын алға тартты.
«ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен қарастырылған құқықбұзушылықтармен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша мемлекеттік қызметте судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын!» - деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Қылмыстық істе үшінші айыпталушы бар. Сотталушының бірі танысының әйеліне, оның күйеуіне жеңіл жаза, яғни «бас бостандығынан айырмайтын» жазаны тағайындауға көмектесуге уәде берген. Ол кінәсін мойындады. Сот оған қатысты 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал іске қатысы бар адвокат 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Ол енді 7 жыл адвокат болып қызмет ете алмайды.
«Сотталушы Д.-ға адвокаттың қызметімен айналысуға 7 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. А.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Пара беруге азғыру бойынша тағылған айыппен Д., А. және М. ақталды, өйткені сотталушылар пара берушіні пара беруге азғырмады, ақшаны беруі К.-ның бастамасы бойынша болған», - деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.