Антикор заңбұзушылықтарды анықтады
Қарағанды облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында ақаулары бола тұра пайдалануға беру жағдайы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикор мәліметінше, әкімдік «Қарағанды – Шахтинск – Есенгелді – Қайнар – Нұра» жолында жөндеу жұмыстарын қабылдаған, олар бойынша Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының филиалында жол жамылғысы бойынша ескертулер болған.
«Мұндай фактілерді болдырмау үшін Антикор тапсырыс беруші мен мердігердің жол сапасы сараптамасының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.
Сонымен қатар, ықтимал ақауларды болдырмау мақсатында арнайы құрылған мониторингтік топ жүргізілетін жол жұмыстарының сапасын зерттеді (мониторинг облыстың 8 жолында, оның ішінде «Қарағанды-Балқаш» – 362 км, «Балқаш – Бурылбайтал» – 50 км). Мысалы, «Қарағанды-Балқаш» жолын қайта жаңарту кезінде мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтін қиыршық тасты қолдануға жол берілмеді. Мердігердің есебінен құрылыс материалы ауыстырылды.
Күшейтілген бақылау 2024 жылдың соңына қарай осы ұзақ құрылыстың уақтылы аяқталуына ықпал етті», - делінген Антикор хабарламасында.
Маусым басталысымен жол жұмыстарының барысына мониторинг жалғасатын болады.