Азиада-2025: Қазақстан алғашқы алтын медалін еншіледі

Автор: Дәулет Ботагөз

Спортшылар Корея, Жапония және Қытай командаларын басып озды

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Қазақстандық шорт-трекшілер 2025 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпиондары атанды. Олар 5 000 метрлік эстафетада алтын медаль жеңіп алып, ел қоржынына алғашқы «алтынды» салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Финалдық жарыста қазақстандық спортшылар жоғары жылдамдық пен шебер тактика көрсетіп, Корея, Жапония және Қытай командаларын басып озды.

Чемпиондық команданың құрамында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен, Абзал Әжіғалиев, Глеб Ивченко бар.

Бұл жетістік – Қазақстан шорт-трек құрамасының Азия ойындарындағы тарихи жеңісі. Бұған дейінгі Азиадада ел құрамасы тек бір қола медальмен шектелген еді. Ал Харбинде өткен биылғы жарыста Қазақстан құрамасы қазірдің өзінде үш медаль жеңіп алып, оның ішінде аса құнды алтынды иеленді.