Жемқорлардан қайтарылған 1,4 млрд теңгеге Жетісу облысында жаңа мектеп салынатын болды

Автор: Асыл Арман

Қазір мұнда жалғыз мектеп жұмыс істеп тұр

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында жемқорлардан қайтарылған ақшаға жаңа мектеп салынатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет мемлекет басшысының қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Арнайы мемлекеттік қордан Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Көксай ауылында жаңа мектеп салу үшін 1,4 млрд теңге қаржы бөлді.

Қазіргі уақытта елді мекенде жалғыз мектеп жұмыс істеп тұр, онда екі ауысымда 53 бала білім алуда. Сонымен қатар білім ошағында спорт және акт залдары, асхана жоқ, пәндік кабинеттер жетіспейді. Жаңа мектеп 60 орынға арналған. Ғимарат заманауи білім беру стандарттарына сәйкес жабдықталған. Нысанның құрылысы білім берудің қолжетімділігі және мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді: қазір ауылда 7 жасқа дейінгі 28 бала тұрады.

«Қазіргі уақытта Үкімет әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға Арнайы мемлекеттік қордан 58 млрд теңге бөлді. Атап айтқанда, 5 мектеп, оның ішінде бір музыкалық, 2 спорт кешені, көпфункционалды аурухана кешені, жатақхана, 2 балабақша және жедел медициналық көмек көрсету стансасы бар.

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектілері есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынып жатыр. Жұмыс жалғасуда», - делінген Үкімет хабарламасында.