Алматы облысында жұмысшы мамандардың әлеуетін арттыру үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатыр
Алматы облысында жұмысшы мамандықтардың әлеуетін арттыру көзделіп отыр

Алматы облысында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының есеп беру жиыны өтті. Басқосуда 2024 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиын барысында жастар қанатының облыстық филиал төрағасы Медет Бекбергенов өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
«Өңірде жастар қанатының 9 бөлімшесі белсенді жұмыс істеп, 2200-ден астам мүше қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Өткен жылы біз жастардың дамуы мен белсенділігін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқардық. Әскери-патриоттық тәрбиеден бастап, экологиялық сенбіліктерге дейін 5 мыңнан астам жасты қамтыған 50-ден аса іс-шара өткіздік», – деді Медет Бекбергенов.
Филиал төрағасының айтуынша, жастарды еңбек нарығына бейімдеу мақсатында «Жастарға жұмыс» жобасы іске асырылды. Оның аясында екі ірі жәрмеңке ұйымдастырылып, 70-тен астам мекеме 550 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 100-ден астам жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
«Жастар тек өздерін дамытуға ғана емес, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне де үлес қосуда. Мәселен, «Қауіпсіз қоғам» акциясы аясында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, 5 шара өткізілді. Сонымен қатар, «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында 6 іс-шара ұйымдастырылып, 500-ге жуық заңсыз граффити жойылды, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деді ол.
Сондай-ақ, Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңесте «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жастардың жалақысының кешігу мәселесі шешімін тапты. «Алатау жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында 55 жас отбасы жеке баспанасын сатып алу үшін 500 млн теңге көлемінде жергілікті бюджеттен жеңілдетілген несие алды. Онымен қоса, жатақханалардың жағдайына мониторинг жүргізіліп, инфрақұрылымды жақсарту бойынша нақты шаралар қабылданды.
«Төтенше жағдай кезінде біз шетте қалмай, 50 тонна гуманитарлық көмек жинап, 300-ден астам еріктімен бірге зардап шеккендерге қолдау көрсеттік. Бұл – тек бастамасы. Жастардың дауысы естілетін, олардың идеялары іске асатын қоғам қалыптастыру – біздің басты міндетіміз», – деді Медет Бекбергенов.
Сонымен қатар, жиында «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова жастардың кәсіби және әлеуметтік дамуына бағытталған ауқымды жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын, әсіресе, жұмысшы мамандықтарына басымдық берілетінін атап өтті.
«Алматы облыстық филиалы халықаралық және республикалық деңгейдегі маңызды бастамаларды іске асырып, жастардың әлеуметтік әрі кәсіби өсуіне ықпал етіп келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Бұл шешім техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге және жастарды жұмыспен қамту мәселесіне басымдық беруге бағытталған. Осыған байланысты, «Жастар рухы» Алматы облысында жұмысшы мамандықтарына қатысты бірқатар кешенді шараларды қолға алады. Бұл бастама жастардың еңбек нарығындағы орнын табуына көмектесіп, оларды кәсіби дағдыларды меңгеруге ынталандырады», – деді Ақерке Искандерова.
Сонымен қатар, есеп беру кездесуіне «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы облысы жастар ресурстық орталығының директоры Максат Кеңешов, мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының жетекшілері және «Жастар рухы» белсенділері қатысып, қозғалған тақырыптар бойынша пікірлерін білдірді.