Техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру: депутат өңірлердегі жағдайды айтты
Өңірлерде техникалық қызметкерлер ағымдағы жөндеу жұмысын да орындайтын көрінеді

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру бойынша президент тапсырмасы өңірлерде тиісті деңгейде орындалмай жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты сөз басында президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде 2022-2025 жылдар аралығында азаматтық қызметкерлердің, оның ішінде аталған техникалық қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен (жыл сайын орта есеппен 20%) артатынын, алайда өңірлерде бұл мәселе тиісті деңгейде орындалмай отырғанын айтты.
«Талдау барысында өңірлер, аудандар және тіпті бір қала ішіндегі мектептер арасында жалақының әртүрлі деңгейде көтерілгені байқалады. Техникалық қызметкерлер жалақыны арттыру тәсілінің әртүрлі болуына шағым қалдыруда.
«AMANAT» партиясы фракциясы бұл сұрақты үнемі айтып келеді, былтыр да халықпен кездесуден кейін осы сұрақтың шешімін ұсынатын депутаттық сауал жолдады. 2024 жылғы 29 ақпандағы премьер-министрдің орынбасарынан келген жауапта, «...Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп халықаралық тәжірибені ескеріп, жұмыстың ерекшелігіне сайкес азаматтық қызметшілердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру туралы жұмыс жүргізуде», деп айтылған.
Алайда, жұмыстың нәтижесі техникалық қызметшілер үшін белгісіз. Еден жуушы, плотник, сантехник, аула сыпырушы, электриктерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу, еңбекақы жүйесін жетілдіру туралы түсіндірме ақпаратынан бейхабар. Осы саланың нақты ауыр еңбекті адал атқарып жүрген нағыз еңбек адамдарына жалақыны арттырудың бірыңғай методикасы сапалы түсіндірілуі қажет. Оларға еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеуді қарастыру кезек күттірмейтін мәселе.
Сонымен қатар, техникалық қызметкерлер ағымдағы жөндеу жұмыстарын орындайтынын және оған қаражат төленбейтіндігін айтуда. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен арнайы қаражат қаражат қарастырылады. Олай болса, неге онсыз да еңбегі ауыр жалақысы төмен еңбек адамдары ағымдағы жөндеу жұмыстарына тартылуы тиіс? Бұл еңбек заңдылығына қайшы деп санаймын. Осы мәселеге нақты жауап беруіңізді сұраймын», - деп премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады.
Сөзін жалғай отырып, жұмыс барысында ауыр химикаттар қолданатын қызметкерлердің де еңбекақысы туралы қозғап өтті.
«Келесі мәселе, хлор қолданатын жұмыстары күрделі техникалық персонал оған қосымша ақы қарастырылмағандығын айтуда. Бұл мәселенің шешімі қалай болмақ? Жалпы, білім беру ұйымдарында балалар арасында еден жуушылардың еңбегіне құрметпен қарауды тәрбиелеу өзекті.
Осы ретте, бюджеттік ұйымдардағы орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындаудың методикасына стаж, жүктеме, жұмыстың күрделілігі деңгейін ескеретін бірыңғай жүйе қарастырылуы тиіс және жалақыны арттыруда өңірлік және ішкі теңгерімсіздікті жою шарт», - деп депутат сөзін аяқтады.