$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ауыл шаруашылығы саласында қордаланып қалған мәселелер көтерілді

Депутат премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады

Ауыл шаруашылығы саласында қордаланып қалған мәселелер көтерілді
Фото: freepik.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков ауыл шаруашылығында қордаланып қалған мәселелерді қозғап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту жайына әрдайым басымдық беріп келе жатқанын ерекше қозғап өтті.

«Жуырда ауыл-аймақты аралап, жергілікті тұрғындармен, түрлі саладағы кәсіп иелерімен, шаруалармен кездесіп келдім. Сонда халық өздерін алаңдатқан екі мәселені өзіңізге жеткізуімді өтінді.

Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан несие рәсімдеу талаптарының күшейтіліп кетуі ауылдағы шаруаларға да, серіктестің құрылтайшыларына да оңайға соғып тұрған жоқ. Мәселен, Бәйдібек ауданында құрылған несие серіктестігі арқылы шаруалар корпорациядан несие алып, мал басын көбейтіп келген. Ал корпорация 2023 жылдан бері несие желісін жауып тастап отыр. Бұған басты себеп – жергілікті жердегі халықтың несие төлеудегі қабілетінің төмендігі болған. Мұның зардабын несиесін уақытылы төлеп отырған тұрғындарда тартуда.

Сондай-ақ, серіктестік құрылтайшылары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алдындағы ортақ жауапкершілікке орай несиесін төлеп бітсе де, кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерінің құжаттарын ала алмай келеді.

Корпорация несие алудағы талаптарды күшейтіп жіберген. Шаруалар «қағаз, құжат дайындаумен-ақ, сабылып кетеміз» дейді», - деп депутат мәселені қозғады.

Сөзін жалғай отырып, Сарыағаш, Созақ, Сайрам аудандарында да дәл осы жағдай қайталанып отырғанын, бұл өз кезегінде ауылдардағы мал басын көбейтуге арналған жұмыстардың тұралып қалуына алып келетінін тілге тиек етті.

«AMANAT» партиясы ауылдағы фермерлердің экономикалық жағдайын арттыру экономиканы дамытудың басты факторы деп есептейді.

Бүгінде оңтүстіктегі шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан несие серіктестіктеріне қойылатын талаптарды қайта қарап, оңтайландыруға, жауып тастаған несие желісін қайта ашуға, мерзімі өткен қарыздарды төлеу мерзімін кемі 2 жылға шегеруге және шаруаларға қойылатын талаптарды жеңілдетуге ықпал етуіңізді сұрайды.

Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда отандық өндірісті қолдамасақ, ауылда әлеуметтік жағдай мүлдемге тұралап қалу қаупі бар», - деп Ұласбек Сәдібеков сөзін аяқтады.

Серіктес жаңалықтары