Маңғыстау облысында балабақша тәрбиеленушілері жаппай уланды

Автор: Дәуренқызы Алма

Бейресми деректер бойынша, 100-ге жуық бала уланған

Фото: istockphoto.com

Жаңаөзен қаласының Қызылсай ауылындағы мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндердің жаппай улану дерегі тіркелді. Оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Бейресми ақпаратқа сәйкес, уланған балалар саны 100-ге жуық. Алайда денсаулық сақтау басқармасы бұл мәліметті ішінара растады.

«2025 жылдың 31 қаңтарында сағат 20:13-те жедел жәрдемге іштің ауырсынуына шағымданған ауыл тұрғындары хабарласты. Қаралған 37 адамның төртеуі ауруханаға жатқызылды (1 ересек, 3 бала). Қалғандары амбулаторлық ем алып, үйлеріне жіберілді», – делінген ведомство хабарламасында.

Балабақша уақытша жабылды. Жағдайдың себебін анықтау үшін уәкілетті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.