«20 жыл ескі ғимаратта істеп келген»: Балқаштағы жедел жәрдем станциясы жаңа ғимаратқа көшті

Автор: Дәуренқызы Алма

Балқаш қаласындағы жедел жәрдем қызметкерлері 20 жылдан бері ескі шаруашылық бөлімінің ғимаратында жұмыс істеп келген

Фото: istockphoto.com

Ескі нысанның тарлығы мен қолайсыздығы фельдшерлердің тәулік бойы демалуына да мүмкіндік бермейтін. Енді медициналық мекеме жаңа ғимаратқа көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz арнасына сілтеме жасап. 

Балқаш қаласы жедел жәрдем станциясының меңгерушісі Виктор Лидің айтуынша, жаңа ғимарат қызметкерлерге қолайлы жұмыс жағдайын жасауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі жұмыс жағдайымыз әлдеқайда жақсарды. Жаңа ғимарат ескі нысаннан екі есе үлкен. Фельдшерлер мен көлік жүргізушілеріне бөлек бөлмелер қарастырылған. Тәулік бойы жұмыс істейтін қызметкерлер үшін бұл өте маңызды», — деді Виктор Ли.

Жаңа ғимаратпен қатар жедел жәрдем станциясының автопаркі де жаңартылды. Барлық көлік бейнебақылау және GPS жүйесімен жабдықталған. Бұл жүйе арқылы диспетчерлер реанимобильдердің қозғалысын бақылай алады.

«Камераның көмегі көп. Кез келген шақыртуда түрлі жағдай болуы мүмкін: науқастардың жүрегі тоқтап қалуы, мас адамдардың агрессивті әрекеттері. Мұндай сәттерде камера бізді қорғауға көмектеседі» – дейді фельдшер Мәулен Мұхамбетов.

Балқашта 80 мың тұрғынға алты жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Олардың екеуі қалалық ауруханаға бекітілген. Күн сайын жедел жәрдем станциясына 100-ге жуық қоңырау түсіп, жылына 25 мың адамға медициналық көмек көрсетіледі.