Мектеп оқушысын дәретханада аяусыз соққыға жыққан: оқиға видеосы резонанс тудырды
Видео әлеуметтік желіде тарады

Қырғызстанның Бішкек қаласындағы мектептердің бірінде 6-сынып оқушылары 7-сынып оқушысын мектеп дәретханасында аяусыз соққыға жықты. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімдерді бұған жоғары сынып оқушысы итермелеген. Ол тек жанжалды ұйымдастырып қана қоймай, төбелесті телефонға түсіріп тұрған. Бұл жағдай кейінірек белгілі болып, мектеп әкімшілігі дереу тергеу жұмыстарын бастады.
Бішкек мэриясының баспасөз қызметі оқиғаның 30 қаңтарда анықталғанын мәлімдеді. Видео бір оқушының телефонынан табылғаннан кейін, мектеп әкімшілігі тез арада шара қолданды.
«31 қаңтарда мектепте әкімшілік өкілдері мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың қатысуымен арнайы кездесу өтті. Жиын барысында ата-аналар мен оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, профилактикалық әңгімелер айтылды», — делінген хабарламада.
Мэрия мәліметінше, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында мектептерде тәртіпке қатысты түсіндіру шаралары тұрақты түрде өткізіліп отырады.