Нұр-Сұлтан әкімі блок-бекеттер алынатын нақты күнді мамыр айының соңында хабарлауға уәде берді
Екі айға жуық уақыт Қазақстан аумағында жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталған соң қалааралық және облыстар арасындағы жолдар, блок-бекеттер ашылады деп үміттенгендер көп болды. Алайда, ел бойынша блок-бекеттер ТЖ кезіндегідей жұмыс істеп тұр және рұқсат қағазы жоқ адамдарды қаладан қалаға, облыстан облысқа шығармайды.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке елорда сыртындағы блок-бекеттер қашан алынатынын білгісі келген журналистердің сұрағына жауап берді. Қала басшысы қалаға кіреберіс жолдарда қойылған блок-бекеттер мамыр айының соңына дейін алынбайтынын айтты.
«Мамырдың соңына дейін қала сыртындағы блок-бекеттерді алмаймыз. Бірақ, мамырдың соңында блок-бекеттер дәл қай күні ашылатынын нақты хабарлаймыз», - деді әкім тікелей эфирде.
Сондай-ақ Көлгінов қазір қала маңындағы Қосшы, Қоянды, Талапты елдімекендеріне маусымнан бастап автобус қатынауы мүмкін екенін хабарлады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан