$ 519.28  540.05  5.31
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Орта буын кәсіпорындарын ілгерілету маңызды»: депутаттар президент көтерген проблемалар жайлы айтты

Орта Азия елдерінің арасында Қазақстан жетекші орында, дегенмен халықтың әлеуметтік әлеуеті жоғарыламай отыр

«Орта буын кәсіпорындарын ілгерілету маңызды»:  депутаттар президент көтерген проблемалар жайлы айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары жайлы Парламент Мәжілісінің депутаттары пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және қиындықтарды еңсеру үшін президент стратегиялық ұсыныстарын айтқанын қозғап өтті.

«Президенттің айтуынша, экономикалық қиындықтарды шешу үшін тиімді қаржылық жоспарлау, жауапты бюджет саясаты және ресурстарды тиімді пайдалану алдыңғы қатарға қойылуы тиіс екендігіне тоқталды. Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған маңызды бастамаларды айтты.

МӘМС реформасы. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін реформалау  жалғасады. Президент бұл бағытта нақты мерзімдер белгіледі – МӘМС жаңғырту туралы заң жобасы Парламенттің ағымдағы сессиясының соңына дейін әзірленуі тиіс деп міндет жүктеді. «МӘМС жүйесін жетілдіру – жауапкершіліктен бас тартпай, тиімді реформалар жүргізуді талап етеді», – деді мемлекет басшысы.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту. Ұлттық жобаның баяу қарқыны сынға алынды. Соңғы екі жылда 460 бастапқы медициналық мекеме салынғанымен, көпсалалы аудандық ауруханаларды жаңғыртуда қиындықтар бар. Президент биылға жоспарланған 32 аурухананың жартысында жобалау-сметалық құжаттардың әлі дайын еместігін, медициналық жабдықтар мәселесінің шешілмегенін ерекше атап өтті», - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат сөзін жалғай отырып, президенттің осы бағытта Үкімет пен әкімдерге берген тапсырмаларына қысқаша тоқталды:

  • 2025 жылдың соңына дейін барлық бастапқы медициналық мекемелерді іске қосу,
  • 2026 жылдың соңына дейін аудандық ауруханаларды толық жаңғырту тапсырылды.

«Мектепке дейінгі білім беруде ваучерлік қаржыландыру. Мемлекет басшысы мектепке дейінгі мекемелерге ваучерлік қаржыландыру енгізілген пилоттық жобаны оң бағалады. Бұл ата-аналарға балабақшаларды таңдау еркіндігін береді. Президент осы жүйені орта білім беру саласына да енгізуді ұсынды.

Орта білім саласы: «Жайлы мектеп» және жөндеу жұмыстары. «Жайлы мектеп» жобасымен жаңа мектептер салынды. Қолжетімді және сапалы білім беру қажеттілігін ескере отырып, алдағы үш жылда 1300 мектеп жөнделеді.

Жұмысшы мамандықтар жылы. 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі қайтадан зерделенеді. Мемлекеттік тапсырыс мөлшері ұлғайтылады және теңестіріледі. Әкімдер өңірлердегі сұранысқа сай мамандықтарды айкындап, колледждерде қажетті кадрлар даярлайды.

Үздік жоғары оқу орындарына басымдық айқындалады. Жоғары оқу орындарының рейтингін ескере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысын үздік университеттерге бөлу тәжірибесі енгізіледі. Бұл талапкерлердің ең үздік білім ордаларында оқуына мүмкіндік береді», - деп депутат Жұлдыз Сүлейменова сөзін аяқтады.

Өз кезегінде депутат Жарқынбек Амантайұлы әлемдік ахуалға тоқталып шықты.

«2024 жылғы елдер бойынша ЖІӨ рейтингісінде АҚШ көш бастайды. Халықаралық валюта қорының есебінше, Құрама Штаттардың ЖІӨ 28,78 триллион доллар, ІЖӨ-нің көлемін жан басына шаққанда 83,3 мың долларға тең. Алғашқы ондыққа Қытай, Германия, Жапония, Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Бразилия, Италия, Канада кіреді.

Қазақстан бұл көрсеткіште 48 орында. Халықаралық ұйым біздің елдің ЖІӨ 225,50 миллиард долларға, ІЖӨ-нің көлемін жан басына шаққанда 14,4 мың долларға бағалапты.

Әрине, Орта Азия елдерінің арасында Қазақстан жетекші орында. Дегенмен халықтың әлеуметтік әлеуеті жоғарыламай отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселені ашық айтып, атқарушы билікке экономиканы жедел түрде әртараптандыруды тапсырды», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі сөзін жалғай отырып, экономикалық әртараптандыру мәселесіне тоқтала келе, бұл ел немесе аймақ экономикасының әртүрлі салаларын мүмкіндігінше көп дамыту арқылы экономикасының әртүрлілігін арттыру және кеңейту процесі екенін тілге тиек етті.

«Яғни бизнестің дамуына барынша жағдай жасап, президент айтқандай, орта буынға жататын кәсіпорындарды ілгерілету маңызды. Өйткені, әртарапандырудың ең негізгі сегменті, экономиканың негізгі секторы – өнеркәсіп.

Біздің елде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың мүмкіндігі зор. Тек ресурстық потенциалды тиімді ұйымдастырып, кластерлік шаруашылықтар – тері өңдеу, киім және аяқ киім сехтарын жандандыруға әбден болады.

Қытайда заманауи технологияға негізделген шағын кәсіпорындар көп. Бұған былтыр көрші елге сапары кезінде көзіміз жетті. Міне, сондай өндіріс орындардың желісін елімізде қалыптастырып, дамытуға болады.

Бұл туралы президент Қ.Тоқаев кеңейтілген отырыста Қытайдың тәжірибесін зерттеп, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырды. Қысқасы, мемлекет басшысы, есеп үшін емес, жұмысты нақты нәтижеге құруға пәрмен берді», - деп депутат сөзін түйіндеді.

Ал мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев президенттің МӘМС жүйесіне қатысты берген тапсырмаларын тілге тиек етті.

«МӘМС жүйесі жұрттың жүйкесін жұқартпасын десек оны түзеу керек, қаптаған қателігін күзеу керек. Үкімет сағатында МӘМС жүйесін әбден сынадық, нақты деректерді келтірдім. Жүйені ретке келтірмейінше МӘМС-ті уақытша тоқтату керегін де айттым. Ел қолдады. Ал Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы осы салаға қатысты нақты сын және ұсыныс айтты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс», - дейді Нартай Сәрсенғалиев.

«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ.

Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын» - деді ол.

Депутат өз сөзінде президенттің сөздерін мысал етіп, проблеманың өзектілігін қозғап өтті.

«Мемлекет басшысының нақты сынынан уәкілетті орган қорытынды шығаруы тиіс. Себебі бұл 20 миллион адамның тағдыры. Өз кезегімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасында халықтың талабын бірінші орынға қоямыз», - дейді мәжілісмен.

Серіктес жаңалықтары