Білікті кадр, МӘМС, жұмысшы мамандарды қолдау: Мәжіліс депутаттары президент тапсырмасы жайлы не дейді
Депутаттар мемлекет басшысының бастамаларын қолдап отыр

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракцияларының мүшелері үкіметтің кеңейтілген отырысында президент берген тапсырмаларға қатысты пікір білдірлді,деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Еділ Жаңбыршин кадр әлсіздігінен дағдарыспен күрес бағытындағы жұмыс әлсіз болып отырғанын айтты.
«Президент бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында және осыған дейінгі Жолдаулары мен өткізген жиналыстарында елімізді дамыту жөнінде талай тапсырмалар берді, ұтымды ұсыныстар айтты.Бірақ елде экономикалық және әлеуметтік жағдай өзі айтқандай мәз емес. Оны халық та, билікте біліп отыр.Жағдай жыл сайын қиындауда, атқарушы билік кризисті ауыздықтай алмай отыр.Себебі Профессор Преображенский айтқандай, «разруха в головах» болып тұр. Бәрі кадр саясатының әлсіздігінен», - деді Жаңбыршин.
Ол атағандай, жаңаша ойлай алмайтын, шаблонды-стандартпен жұмыс істейтін, олигополияның айтқанын шыға алмай, солардың сойылын соғатын, жауапкершілікті мойнына алмай, тапсырмаларды басқа біреуге ысыруға бейім, ешқандай айтарлықтай нәтиже көрсетпей билікте отырған, әсіресе көптен бері келе жатқан кадрларды ауыстырмай ештеңе өзгермейді.
«Мемлекет басшысы "Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз", - деді. Өте дұрыс шешім. Сонымен қатар, ол кадрларға жұмыс жасау үшін саясат пен экономикада еркіндік беріліп және әр түрлі "топтардың" тарапынан қысым жасалмауы керек. Бір сөзбен айтқанда елде үлкен өзгерістер жасағымыз келсе, мықты кадрлар билікке келуі керек. Оларсыз жобаның бәрі жоба күйінде қала береді», - деді ол.
Өз кезегінде Аманжол Әлтай президент биыл жазға дейін МӘМС жаңғырту заңының жобасын әзірлеуді тапсырғанын айтты.
«Кеше парламент қабырғасында мәжіліс депутаттары МӘМС бойынша реформа керектігін, қордаланған кемшіліктерді уақыт оздырмай шешу керектігін ескерткен болатын. Мемлекет басшысы “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасын іске асыруды қарқындатуды тапсырды.Көпсалалы аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқанын ескертті, 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.Президент үш жыл ішінде бүкіл еліміз бойынша 1300 мектепті жаңғыртуды тапсырды.Нақты оқу орындарына мемлекеттік тапсырысты алып тастап, ваучерлік қаржыландыру жобасының тиімділігін атап өтті.“Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін толық қайта қараудың маңыздылығына тоқталды. Нәтижесінде колледждер сұранысқа ие кадрларды даярлау мүмкіндігіне қол жеткізуі тиіс», - дейді ол.
Әлтай атағандай, елдегі туризмді дамыту — экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі.
«Бұл салада әрбір өңірдің даму респективасы бар. Біз тек ішкі туризмді дамытумен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Шетелдік туристерге бағыттай отырып, туристік инфрақұрылымды дамытуға да инвестициялар тарту қажет. Мемлекет басшысы қазақ даласындағы көркем табиғатты, ғажайып мекндердің әлемдік туризмнің төріне айналған орындардан кем түспейтінін атап өтті. Президент екінші деңгейдегі банктердің акционерлеріне оларды қолдау және құтқару үшін берілген қарыздарын қайтаратын уақыт келгенін еске салды. Мемлекеттік қаражат есебінен банктер өз шығындарын өтегеніне қарамастан, олар мемлекетке тиесілі қаражатты өздерін байытуы үшін пайдалануды жалғастырып жатыр», - дейді депутат.
Ал депутат Жанарбек Әшімжан әлемдік экономика күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты.
«Санкцияларлардың салқыны, инфляцияның иірімдері дамушы елдердің әл-ауқатын туралатып, тынысын тарылтып барады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік кеңейтілген отырысының негізгі өзегі әлемдік сын-қатерлердің алдын алу, ел экономикасын көтеру болды.Ендігіде атқамінерлер баяғыдай қазынаның қабын аңдып, бюджет қаржысына күнелтудің орнына жұмыс бағытын жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және үдерістерді цифрландыруға өзгерту қажет.Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік беретіндігін, салық саласындағы тың реформалар, шетелдік ірі инвесторға тартымды жағдай жасау арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді», - дейді депутат.
Ол Қасым-Жомарт Кемеұлы Үкімет отырысында ірі бірнеше бағыттарға тоқталғанын айтты.
«Өткен жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Бірақ тоқмейілсіп қалуға болмайды. Өңірлердегі энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарыстардың салдарынан халық қатты қиналды.Саладағы біліксіз кадрларды тазарту, жаңа тариф саясатын қолға алу, әрбір азамат ҮНЕМДЕУді үйрену арқылы біз осы саланың кем-кетігін түгендей аламыз.Ол үшін шетелдік практикаларды өзімізге ыңғайлауымыз керектігін тілге тиек етті.Мемлекет басшысы айқындап берген бағыттың бірі ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫң қоғамдық кез-келген саласына дендеп енуі», - дейді ол.
Жанарбек Әшімжан атағандай, президент мәлімдемесінде еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс.
«Үкіметке берген тапсырмасында алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу жүктелген.Осы ретте Алматы облысында салынатын АЭС жобасы да осы энергия тапшылығын азайтуға сеп болмақ.Өткенімізге, тарихымызға үңілер болсақ еліміз әу бастан аграрлы ел. Сондықтан ел экономикасының басым бағыты – агросекторды дамыту. Президентміз әр сөзінде осы аксиоманы Үкіметтің есіне салып келеді. Көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында ауыл шаруашылығы даму қарқыны экономиканың басқа салаларына қарағанда алға шықты. Өсімді еселей түсу үшін Президент биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек деп айтты.Адал нанын табан ет, маңдай терімен тауып жүрген шаруалар үшін бұл үлкен көмек. Мемлекеттік қолдау», -дейді ол.
Жанарбек Әшімжан мемлекет басшысы қаржылық ұйым басшыларына үлкен сигнал бергенін айтты.
«Өздеріңізге мәлім, Президент жыл өткен сайын әлеуметтік салаға қолдауды күшейтіп келеді. Салаға бөлінген бюджет қаржысы мүмкіндігі шектеулі жандарға, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалуда. Кемелұлы баяндамасында биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы екендігі еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізілетіндігін жеткізді.Жұмысшы мамандарға ендігіде түрлі мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі», - дейді ол.